• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 13 Қараша, 2018

Тарифтерді көтерген монополистер заң алдында жауап береді

122 рет
көрсетілді

Бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының жақында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында тарифтер мәселесі бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданып жатқан шаралар қаралды. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жұмысты жалғастыру үшін бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысынан кейін Үкімет бірден тарифтерді төмендету және жалпы, тариф жасау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша шараларды айқындады. Құрамына энергетика, ұлттық экономика министрліктерінің, Бас прокуратураның өкілдері енген Жұмыс тобы құрылды. Басты мақсаты — түпкі тұтынушылар үшін тарифтерді төмендету. Атап айтқанда, электр энергиясын өндірудің өзіндік құнын анықтау әдістемесі жасалып жатыр. Табиғи монополистердің қаражатының мақсатты пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды күшейту және монополияға қарсы қызметті күшейту бойынша заңнамаға түзетулерді әзірлеу басталды.

Энергетика, ұлттық экономика министрліктерінің алдына 1 желтоқсанға қарай 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифтерді төмендетуге мүмкіндік беретін жүйелі шараларды әзірлеу бойынша міндеттер қойылды. Отырыс барысында бірқатар маңызды мәселелер аталып өтілді. Біріншіден, тарифтерді қалыптастыру үрдісінің ашықтығын қамтамасыз ету, екіншіден, энергетика қызметтері нарығындағы бағаның қалыптасуына мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды күшейту. Тарифтерді төмендету үшін барлық қажетті шешімдерді жылдам қабылдау керек.

Отырыста энергетика, ұлттық экономика министрліктерінің баяндамалары тыңдалып, жұмыстары мақұлданды.

Сонымен қатар Премьер-Министр 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясы мен жылуға ғана емес, су, газбен жабдықтау, кәріз, телефон байланысы және интернет қызметтеріне тарифтердің төмендеуі керектігін атап өтті. Сонымен қатар ПИК тарифтерін қайта қарау керек. Бұл жергілікті әкімдердің құзыретінде. Бұл орайда, тарифтердің төмендеуі монополистердің көрсететін қызметтерінің сапасын төмендетпеуі тиіс, олардың өндірістері уақытылы жаңғыртылып отыруы керек. Құрылған Жұмыс тобы осы бағыттарда жұмыс істеуі тиіс.

Заңнамалық өзгерістер тұрғысынан тариф жобасын ұсынған кезде жұртшылық, сарапшылар білдірген пікірлерді, оның ішінде, электронды түрде келіп түсетін пікірлерді ескеру тапсырылды. Кері байланыс орнауы тиіс. Әкімдіктердің құзырындағы өңірлердегі тұтыну нормалары тарифтерін бекіту де жариялануы керек.

Мәселені қарау қортындысы бойынша Премьер-Министр бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Бірінші. Табиғи монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелерді орындамау, қызмет құнынан өндірістік емес шығындарын заңсыз қосу бойынша анықталған барлық фактілерге талдау жүргізу қажет. Жосықсыз монополистер мен тарифтерді көтеру арқылы пайдаға кенелген компаниялар заң алдында жауап беруі тиіс. Оны тергеу барысы жариялануы керек. Екі аптадан соң ағымдағы жағдай туралы мәселе кезекті Үкімет отырысында қаралатын болады. Премьер-Министр құқық қорғау органдарымен және прокуратурамен жұмыстарды үйлестіруді тапсырды.

Ұлттық экономика министрлігіне екі аптадан соң бюджеттен субсидия түрінде бөлінетін қаражатты монополистердің мақсатты жұмсауы туралы баяндауы тапсырылды. Халықты ТКШ қызметтерінің барлық түрлерімен қамтамасыз ететін ұйымдардың міндеттемелерін орындауын бақылау нәтижелері туралы есептер тыңдалатын болады.

Екінші. Ұлттық экономика министрлігінің Монополияға қарсы комитет пен оның өңірлік бөлімшелерінің жұмысын ретке келтіруге қатысты тәсілдеріне қолдау білдірілді. Б. Сағынтаев өз тарапынан табиғи монополиялар саласындағы саясат пен монополияға қарсы комитет жұмысына жетекшілік ететін ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің жазаланғанын хабарлады.

Үшінші. 1 желтоқсанға қарай ұлттық экономика, энергетика министрліктері электр, жылу, су мен газ беру, кәріз, телефон байланысы, интернет тарифтері қалай және қаншалықты төмендейтіні көрсетілген жан-жақты жоспарды енгізуі тиіс.

Президент «жұмысты ретке келтіріп, әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, ашық болып, адамдардың сеніміне лайық болу» міндетін қойды. Осыған байланысты энергетика, ұлттық экономика министрліктеріне желтоқсанның алғашқы онкүндігінде дөңгелек үстел өткізіп, бұл іс-шаралар жоспарын өңірлік бөлімшелердің, прокуратура өкілдерінің, монополистердің, депутаттардың, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ-тың қатысуымен талқылау тапсырылды.

Бақытжан Сағынтаев қоғамның Үкіметтің тарифтердің бағасының жасалуының ашықтығын қамтамасыз ету және 2019 ж. шекті тарифтерді қалыптастыру мәселелері бойынша тәсілдерін білуі тиіс екенін атап өтті. Ұлттық экономика, энергетика министрліктерінің басшылары, сонымен қатар өңірлік бөлімшелердің басшылары жыл соңына дейін халық пен БАҚ алдында монополистердің инвестициялық міндеттемелерін орындау тиімділігі, тарифтердің төмендеуі және халыққа монополистер заңсыз иемденген қаражаттарын қайтару шаралары туралы көпшілік алдында есеп беруі тиіс.

Төртінші. Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ТКШ мониторингі республикалық жүйесін құру тапсырылды. Мониторинг жүйесі қоғам өкілдерінің қатысуымен жергілікті жерлерде жұмыс істеп, тарифтермен, қызмет сапасымен, халықтың сұранысымен байланысты барлық мәселелерді көтеруі тиіс.

Сонымен қатар ҚР ҰЭМ-іне осы аптаның соңына дейін ТКШ тарифтері бойынша жедел желі ашу тапсырылды. Қабылданған шаралар туралы БАҚ-қа хабарлап тұруы тиіс.

Бесінші. Ұлттық экономика, энергетика министрліктеріне және өңір әкімдіктеріне көмірдің, газдың, дәрі-дәрмектің және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ерекше бақылауға алу тапсырылды. Бірінші кезекте, әкімдер бағаның негізсіз өсуіне жол бермей, компаниялардың «бағаны өзара келісіп алуының», арадағы делдалдардың заңсыздықтарын анықтауы керек.

Алтыншы. Білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктеріне осы салаларда халықты алаңдатып отырған өзекті мәселелерді шешу бойынша кеңес өткізу тапсырылды. Негізгі акцент — оқу құнын, сондай-ақ медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектің бағасын төмендету. Орындалу мерзімі — екі апта.

Жетінші. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне барлық бағыттар бойынша осы жұмыстардың барлығын ақпараттық сүйемелдеуді жолға қою тапсырылды.